Қазақтың асары бизнесте қалай жүзеге асуда?

21.01.2018

 

Қазақта «жылу жинау» деген ұғым бар.  Жылу жинау деп ауыл-аймақ, бір отбасы  табиғи апатқа ұшыраса немесе мектеп құрылысына, т.б. халықтың қаржы жинап көмектесуі дегенді білдіреді. Бүгінде әлемдік деңгейде жылу жинау кең таралып кетті. Ол – халықаралық тілде краудфандинг деп аталады. Ағылшын тілінен аударғанда – «халықтық қаржыландыру» деген мағынаны білдіреді.

 

Белгілі бір әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, бизнеске қолдау көрсету, мерекелік іс-шаралар мен қайырымдылық кештерін өткізу үшін халықтан қаражат жинау –  краудфандингтің басты мақсаты. Бір ескерте кететін жайт, қаржы жинау тек ғаламтор арқылы жүзеге асырылады. Ол қалай деп отырған боларсыздар? Егер де әлем нарығында бұрын-соңды болмаған бір жоба ойлап тапсаңыз, оның ерекшелігіне ешқандай күмәніңіз болмаса, жоспар құрып, жобаңыз жайлы қысқа да нұсқа ақпарат беріп, оның халыққа не үшін керектігі туралы мәліметті арнайы краудфандинг платформаларға саласыз.  Халықты мейлінше сендіріп,  жобаңызға деген болашақ тұтынушыларыңыздың қызығушылығын оята алсаңыз болғаны. Жобаңыздың мүмкіндігі көп деп тапсаңыз, бірден шетелдік ірі платформаларға салуға тырысыңыз. Біріншіден, болашақ тауарыңыздың әлемдік нарыққа жылдам шығуына септігін тигізеді. Екіншіден, отандық  нарықтың кішкентай екені белгілі. Сондықтан, жобаңызға қажет қаражатты толығымен жинап алуыңыз екі талай. Қазақстандық стартаперлер жоба ұсынып жүрген шетелдік ірі платформалардан американың  «Indiеgogo-сы» мен  «Kickstarter-ін» айтуға болады.  

Соңғы уақытта краудфандингтің көмегімен көптеген жандар өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Олардың қатарында дизайнерлер, өнертапқыштар, жас кәсіпкерлер мен өз фильмін таспалағысы келетін режиссерлер де бар. Олай болса краудфандинг – жылу жинау емес. Краудфандинг – қазақтың асары болып тұр ғой. Асарлатып қаржы жинауға, әсіресе, кино саласындағы мамандар көптеп жүгінеді.  Кино түсіру үшін қаржыны халықтан жинау идеясын ең алғаш болып 2002 жылы  кәсіпкер Эрик Бауман ұсынған.  Мысалы, атақты америкалық «Вероника Марс» телесериалының толықметражды нұсқасын түсіру үшін Kickstarter арқылы 5,7 миллион доллар ақша жиналды. Негізінде, бұл фильмге кететін қаражат мөлшері 2 миллион доллар деп есептелген. Қаражаттың осылай артық жиналып жататын сәттері де жиі кездеседі.

 

Отандық кино мамандары әлі краудфандингтің көмегіне жүгіне қоймады. Дегенмен,  АҚШ-та болашақ бағдарламасымен білім алып жүрген журналист, сценарист, Сан-Францискодағы Өнер Академиясының түлегі отандасымыз Мұрат Есжан біз сөз етіп отырған краудфандингтің көмегімен өз филімін түсіру үшін барын салып жатыр.  Kickstarter-ге салған видеосынан «Парижге кетем бір күні/ I’m going to Paris» фильмінің шынайы бақыт пен виртуалды бақыт туралы болатынын байқадық. Сценарий авторы Мұрат Есжанның өзі. Одан бөлек, жобаға үш рет Оскар иеленген Жанна Сю Мемелдің өзі жетекшілік жасайды екен. Қазан айының басында краудфандинг жоба ашып, қараша айының ортасына дейін өздеріне керекті қаражаттың 6 мың долларын жинап үлгерген. Алайда, Indiеgogo платформасы белгілі бір кеткен қателіктерге байланысты жиналған ақшаны иелеріне қайта қайтарып берген. Сценарист бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Indiеgogo-да жүзеге аспағандықтан, жобаны қайта Kickstarter платформасына салған. Қазіргі таңда қажет сомманың тең жартысына жуығы жиналып қалған.

«Краудфандинг» ұғымы әлемде кең тарағалы біраз уақыт болды, ал,  қазақ санасына әлі күнге дейін дейін аса сіңе қоған жоқ...

  •  278