×

Кактусты компьютер үстеліне қоюдың сыры неде?

21.01.2018

 

как2

Компьютер үстелінде кактус  гүлінің тұрғанын жиі байқаған боларсыз?! Неліктен тұрғаны туралы ойланып көрдіңіз бе? Көпшілігінде кактус компьютер тарататын радиацияны өзіне сіңіріп алады деген пікір қалыптасқан. Бұл жай ғана – миф. Ең алдымен, компьютердің қаншалықты радиация таратынына тоқталып өтейік.

Сіздің ақылды досыңыз ешқандайда да радиоактивті альфа, бета, гамма бөлшектер мен нейтрондық бөлшектерді таратпайды. Ескі мониторлардан рентген сәулесінің шығатыны баршаға белгілі. Ал қазіргі компьютерлердің жаңа модельдерінде бұл кемшіліктер ескерілген. Кейде мониторлардан «Low Radiation» деген жазуды көруге болады. Әрине, сіз бұл сөздің аудармасы «төмен деңгейлі радиация» деп ойлауыңыз мүмкін. «Radiation» сөзінің өзі «сәуле» деген мағынаны береді. Сондай-ақ, бұл ешқандай да радиоактивті сәуле емес. Бұл – электромагнитті сәуле. Бұндай сипаттағы сәулені кез келген электрлік зат пен құрылғы шығарады. Әрине, ең көп таратындары – мониторлар. Бірақ та, монитордан жарты метр алшақ отыратын болсаңыз, қауіпсіз аймақтамын деп санай беруіңізге әбден болады. Егер жұмыс орныңызда компьютерлер көп болса және компьютер үстелдері бір-біріне жақын әрі бір тізбектің бойында орналасқан болса, тездетіп жұмыс бөлмеңіздің құрылымын өзгертіңіз. Себебі, электромагниттік сәулелер тек экраннан ғана емес, монитордың жан-жағынан да таралады. Әсіресе, монитордың артқы бөлігінен көбірек тарайды екен. Бұл сәулелер адам ағзасындағы зат алмасуды бұзады. Сондықтан, үйдегі немесе жұмыс орнындағы компьютеріңіздің орналасатын жеріне ерекше көңіл бөлгеніңіз абзал.

Айрықша назар аударуды талап ететін тағы бір нюанс – ауа. Электромагниттік сәулелерден ауа оң заряд алады екен. Бұл да адам ағзасына аса қауіпті. Адам  өзін тауда немесе теңіз жағасында жайлы сезінеді. Себебі, ондағы ауа теріс зарядталған. Бұған кактустың не қатысы бар деп отырған боларсыз? Ендеше, кактус туралы мифке де тоқталып өтейік.

кактуска

Кактус өзіне радиацияны сіңіріп алады дейді. Алайда, ешқандай да радиоактивті сәулелердің жоқтығы дәлелденген. Олай болса кактус компьютер үстеліне неліктен қойылады?  Дегенмен, біз электромагниттік сәулелердің бар екенін айттық және кактус дәл осы сәулелерді бойына сіңіреді деген ұғыммен толықтай келісуге болады. Көптеген өсімдіктердің электромагнитті ортада өсуге бейім екенін бірі білсе, бірі білмес. Солардың бірі – кактус. Алайда, кактус тараған сәулені бойына сіңіре отырып, сәулелену деңгейін еш төмендетпейді. Яғни, ағзаны зиянды сәулелер мен радиациядан қорғауда кактустың мүлдем көмегі жоқ. Оның үстіне соңғы үлгідегі компьютерлер мен мониторлардың аса зиян еместігін айтып өттік.