Ол тағы да үздік мотиваторлардың қатарында

21.01.2018

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын «мотиватор» сөзі біз үшін неологизмнің қатарында болатын. Ал қазір аталмыш сөзді күнделікті естиміз. Өзімізді жігерлендіріп, алға жүруге рух беретін, нөлден бастап көтерілген тұлғалардың еңбегі – біз үшін мотивация. Қазір әлемді шарлап, халыққа жігер беріп, кітап жазып, оларды рухтандыратындар көп. Алайда сол мықтылардың тізімі күн сайын толықса да, өз биігінен түспеген мотиваторлар тізімін өздеріңізге ұсынып отырмыз.

 

1. Энтони Роббинс

Энтони Роббинс әлемдегі нөмірі бірінші  мотиватор-оратор болып саналады. Оған қарап отырып адамдарды тек керемет үнімен, даусымен және сөз саптауымен баурап алады деген пікір қалыптасуы мүмкін. Алайда бұдан бөлек Роббинс 700 психологиялық кітапты оқып шыққан екен. Бұған қалай қарайсыз? Яғни,  оның халық алдындағы өнер көрсетулері  тек эмоциялық сезімдерге ғана емес ғылыми теорияларға да бай. Роббинс қызықсыз болып көрінуден қорықпайды және өте көлемді кітаптар жазады. «Разбуди в себе исполина» және «Деньги. Мастер игры» атты кітаптары ең көп тараған.  «Нағыз көшбасшылар мәселені анықтауға уақытының 5% ғана жұмсайды, ал қалған 95% -  шешіміне жұмсайды. Бір орында тұрып қалуды тоқтатыңыздар!», - дейді Энтони Роббинс.

2. Эрик Томас

Эрик Томас он алты жасында үйсіз-күйсіз қалады. Дегенмен, екі жылдан кейін кезіктірген дін насихаттаушысы оның өмірін түгелімен өзгертеді. Кейін өзі де  уақытша  дін жолын насихаттайды. Біршама уақыттан соң мотивациялық оратордың бағытын таңдайды. Оны атлетттер ерекше жақсы көреді. Бірақ Эрик Томас бір саладағы жандарды  ғана емес кез келген аудитория мен адамды шабыттандыра алады. Ол ешнәрсе оңай емес екендігін тілге тиек етеді.  Үнемі барыңызды салып, таңертең нақты мақсатпен оянып, ешқашан ештеңеден қорықпауға, нендей жағдай болса да берілмеуге шақырады. Ең танымал кітаптары : «The secret to Success», «Greatness Is Upon You: Laying the Foundation» деп аталады. «Қаншалықты тыныс алғыңыз келсе, соншалықты барлығына үлгеруді қалаңыз. Сонда ғана үлгересіз...» деген сөзі адамды еріксіз алға жетелеп, бойыңа ерекше энергия сыйлайды.

3. Николас Джеймс (Ник) Вуйчич

Николас Джеймс (Ник) Вуйчичті танымайтындар кемде-кем шығар?! Никтің тумысынан аяқ-қолы жоқ. Анасы Никті босанып жатқанда, әкесі жанында болады. Сәбидің оң қолы жоқ екенін байқап, шыдамай бөлмеден шығып кетеді. Кейін дәрігерден: “Менің баламның оң қолы жоқ па?”,- деп сұрайды. Сонда дәрігер: “Жоқ, сіздің ұлыңыздың аяқ-қолы түгелімен жоқ”,- деп жауап қатады. Анасы да төрт айға дейін ұлының кемтарлығына сене алмаған. Сегіз жасқа келгенде Ник үйіндегі ваннаға өзін-өзі тұншықтырып өлтірмекші болады. Алайда оны: “Ата-анам мені жақсы көреді ғой...” деген ой ғана тоқтатады. Ник бүгінде бойындағы кемістігімен қынжылмай өмір сүруді үйреніп, бар тәжірибесімен бөлісіп, әлем аренасындағы ең атақты спикерге айналды. Ник - талай жанның өмірін түбегейлі өзгерте білген ерекше тұлға. Ол бір сөзінде: «Адамдарға бұл өмірдегі өз жолын табуға көмектесу – менің миссиям...» деген болатын. Ник  балалар мен жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға екрекше көңіл бөледі. 2010 жылы ең алғашқы «Life Without Limits: Inspiration for a Ridiculously Good life» атты мотивациялық кітабы  жарық көрді.

4. Стив Джобс

Стив Джобстың бала күнінен электроникаға деген қызығушылығы ерекше болады. Өгей әкесімен бірге түрлі қабылдағыштарды құрастырып жүреді. Стив  болашақ әріптесі Стив Вознякпен мектеп жасынан дос болатын. Екі өнертапқыш жігіттердің ең алғашқы өнімдері “Blue Box”деп аталады. Бұл құрылғының көмегімен әлемнің барлық жеріне тегін қоңырау шалуға болады. Дәл осы себепті “Blue Box-ты” сатып алушылар көбейеді.  Алайда бұл бизнес заңсыз болып шығады. Стив : “Электроника - жай ғана хобби емес, жақсы ақша табудың жолы” деп түсінеді. Арада 5 жыл өткен соң, Стив Джобс пен Стив Возняк және тағы да бірнеше адам бірігіп “Applе” компаниясының негізін салады. “Applе” және “Pixar”  анимациялық студиясы бүгінде әлемдегі  ең ірі компаниялардың қатарында. Стив - жоқтан бар жасайтын жан. Ол күнде таңертең айнаға қарап : “Егер бүгін соңғы күн өмір сүріп тұрсам, жоспарлаған нәрселерімді жасайтын ба едім?! Жоқ!” деп айтады екен. “Мен Сократпен кездесу үшін өзімнің барлық технологиямды берер едім”  деген сөзі де ерекше әсер қалдырады.

  •  252