The New York Times: «БАҚ білімнің қайнар көзі бола ала ма?»

21.01.2018

 

Мектепбала санасын қалыптастырушы алғашқы институттардың бірі. Алайда бүгінгі білім саласындағы ауқымды өзгерістер оқушы мен мұғалімді сергелдеңге салуда. Білім үшін бас қатырып жүрген жалғыз біздің мемлекет қана емес. Әлем алпауыттарының өздері аталмыш жүйедегі өзгерістерге үлкен алаңдаушылық білдіріп отыр. Тіпті, «The New York Times-тің» өзі «БАҚ – білімнің қайнар көзі бола алады ма?» деген мәселені көтерді.

 

Аталмыш  газет өзінің   «The Learning Network» атты жеке блогын ашты. Ол жерде арнайы ұстаздар мен оқушыларға арналған пайдалы материалдар жиынтығы мен қосымша сілтемелер жарияланып отырады. Сабақ жоспарлары, тапсырмалар мен сұрақтар да осы жерге орналастырылған. Жоба бірнеше бөлімнен тұрады. Онын негізгі екеуін қарастырып кетсек. Бірінші бөлім жоғарғы сынып оқушылары, колледж студенттеріне және ұстаздарға арналған. Мұнда сабақ жоспарлары, арнайы сұрақтар, сабақ барысында өткізуге болатын түрлі белсенді ойындар мен логикалық сынақтар жиынтығы бар.

Оқушылар үшін қосымша материалдар және керекті сілтемелер де жинақталған. Әрбір күнге арнайы тақырыптар жиынтығы және жеке анализ жасауға мүмкіндік беру үшін сұрақтар қойылады. Күн сайын жоба қолданушыларына сабақ үстінде талқылауға арналған The NY Times жариялаған актуалды тақырыптар ұсынылып, соңында сұрақтар мен тапсырмалар беріледі. Одан бөлек, қосымша материалдар, мақалалар да жарық көреді. Мақала соңында тағы да қосымша тапсырмалар мен жеке жұмысқа арналған сұрақтар болады. Апта сайын жобада медиа алыптардың, түрлі  танымал тұлғалардың арнайы кеңестері мен “ақпараттық сауаттылықты” қалыптастыруға арналған  жеке тәжірибелерімен бөліскен мақалалары жарияланып тұрады. Ұстаздарға актуалды тақырыптар сілтемелері қолжетімді. Талқылау жүргізуге арналған қосымша мақалалар да бар. Тіпті, қарапайым сабақты практикалық жағынан тиімді, әрі қызықты өткізу үшін арнайы жоспарлар құрылған.

Oқушыларға қарапайым математикалық заңдылықтарды түсіндіруді сайлау алдыңдағы астыртын іс-әрекет арқылы түсіндіргіңіз келеді ме? Немесе физика заңдылықтарын соңғы әлем тренді арқылы үйреткіңіз келе ме? Онда бәрі осы бөлімде жинақталған.

Екінші бөлім 13 жас және одан жоғары жастағы балаларға арналған. Бұл жерде әлемде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік тақырыптар мен  күрделі сұрақтарды кездестіресіз. Қарапайым тарихты оқу әлемдегі саяси жағдайды талдаумен түсіндіріледі. Сондай-ақ, бұның барлығы толықтай тек газеттің мақалаларының негізінде жүзеге асады. Дегенмен, барлығы анау айтқандай қиын емес. Мұның барлығы тек жасөспірімдердің жеке мендік сөзін және көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Мысалға газетте гаджеттердің зияны туралы мақала кездессе жасөспірімдер өз пікірлерін еркін білдіріп, көзқарасын қорғап шығуға жақсы мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, бұл бөлімде аптасына бір рет жасөспірімдерге  қатысы бар, жетістікке жеткен жастар жайлы бір мақала жарық көріп тұрады. Бұл өзіндік мотивация беруші құрал және тағы да анализ жасауға арналған жақсы бір материал.

Балалардың визуалды қабылдауы өте жақсы екенін білетін жоба ұйымдастырушылары көп әріп пен сурет арқылы ақпаратқа анализ жасауды үйретеді. Бұл жобаның негізін педагогтар мен журналистер бірлесе қалаған. Барлық жобадағы материалдар бірнеше қайтара тексеруден өтіп, педагогикалық біліммен толықтырылып отырады.

Жоба редакторлары Кэтрин Шультен мен Майкл Гончар басқа да баспалар дәл осындай “білім беру бөліміне” ие бола алатынына сенімді. Олардың ойынша, бұл керісінше мемлекеттегі жастардың ойлау жүйесін, әсіресе, критикалық ойлауын және ақпараттық сауаттылығын жақсартады. Онымен қоса, таңдау болған жағдайда жұмыс одан екі есе сапалырақ болатынына сенеді. Жобаның негізінде тек екі редактор және бірнеше фрилансер жұмыс істейді және жоба негізін салушылардың ойынша бұл өте тиімді, әрі дұрыс. Себебі, басты мақсат – сапа.

Ал біздің елдегі жағдай қандай? Осыдан бірер жыл бұрын ғана мектептерде дүйсенбінің бір сағаты арнайы “Жаңалық сағаты” деп аталып келді. Онда, оқушылар соңғы актуалды жаңалықтармен бөлісіп, талқыға салатын. Дегенмен, The NY Times мысалындағы медиаресурс бізге де керек екені сөзсіз.

  •  2049