×

Криптовалюта қарапайым тілмен.

19.01.2018

Криптовалюта дегенде басымызға бірден келетін ой: “Бұл не?”. Желідегі айлакерлер қолданатын термин, ақша аударымдары, түсініксіз схемалар. Бір сөзбен айтқанда: “брр!”. Алайда, бұл сөзден қорқудын керегі жоқ. Бар болғаны криптовалютаны түсінуге құлшыныс, бірнеше минут және елестету мүмкіндігіңіздің болуы жеткілікті.

 Криптовалюта термины көпшілік сөздіктер мен әдебиттерде “криптографиялық технология негізінде қорғалуға алынған сандық валюта” деп түсіндіріледі. Оны  қолмен ұстап көруге болатын, яғни физикалық аналогі жоқ. Ол өмірде жоқ, тек виртуалды әлемде, яғни желіде ғана қолданыста бола алатын валюта түрі. Өзінің пайда болуымен ол Сатоси Накамото есімді жапондыққа тиесілі дейді. 

Бұл Сатоси Накамотоның расында да жапондық екеніне, я болмаса ол расында да бір адам, не бірнеше адамдардан тұратын топ екеніне ешкімнің көзі жеткен емес. Криптовалюта шықаннан бастап құпия болып қала беретін факт.

“Криптовалюта” термині алғаш рет қолданысқа биткойн туралы жазылған мақалада кездескен болатын. 2008 жылдың 31 қазанында криптовалютаның негізгі концепциясын жоғарыда аталған Накамото Сатоси ұсынған еді. Оның басты принциптеріне: барлық қатысушылар мен криптовалюта қолданушылары анонимді түрде сақталады, желідегі барлық ақшалай реттелетін жұмыстарға жауапты ұйымдардың қадағалауынан тыс және алаяқтардан толық қорғанысты қамтамасыз ететін болған.

Биткойн желісі өзара байланған транзакция бөлімдерінен құрылған. Жұмыс барысы былай жүзеге асады: ең алдымен алғашқы блок құрылады оған негізгі жеке, қайталанбас криптографиялық таңба жазылады. Алғашқы блок құрылғаннан кейін оған тағы блоктарды жалғай беруге болады. Бұндай блоктардың құрылуы майнинг деп аталады. Әрбір құрылған кезекті блок өзінің алдындағы блок туралы барлық мәліметті өзінде сақтай алады. Солайша, әрбір құрылатын блок нәтижесінде сізге сыйлық беріледі яғни- биткойн. Осындай схема негізінде ол жұмыс істейді. Алайда, құрылатын блоктар саны шексіз бола алмайды.

Барлық саны тек 21 миллион биткойнға тең блок құруға мүмкіндік бар.

Бұндай блоктарды жасау басында өте оңай болған еді, сол себепті биткойнға қол жеткізу де солай оңай болды, алайда уақыт өте келе күрделеніп келіп майнинг өте қиын схемаларға толы болды. Ендігіде бір блокты шешу үшін бірнеше майнерлердің жұмылып жұмыс жасауы керек болды.

Түсінікті болған сияқты, иә? Жоқ? Жарайды, одан да оңай мысалмен түсініп көрейік. Биткойн- ол маркалар. Иә, қарапайым бұрындары хаттарға желімденетін маркалар. Олардың саны шектеулі және алдын ала белгілі. Ондай маркаларды енді ешкім шығармайды және оларды табу мүмкіндігі өте аз. Басында саны көп маркаларды табу өте оңай, кейінірек саны азайған сайын оларды кездестіру де тым ауыр дүниеге айналады. Сіз енді көшеде жүргенде, серуендегенде, қонаққа барғанда аяғыңыздың астына қарап жүресіз, кім білсің сонда біреуі жатқан шығар. Уақыт өте келе оларды табу соншалықты қиын болғандықтан дәл өзіңіз сияқты марка жинаушылармен қосылып енді табылмай жатқан соңғы маркаларды іздеуге кірісесіздер. Ақыр аяғында ол маркаларды өзіңізге керек дүниелерге айырбастайсыз, немесе көбіне майнерлер жасайтындай оларды жинап, болашақта бағасының өсуін күтесіз.

Ал, жарайды, бәрі түсінікті делік, бірақ маған онын керегі не дейсіз бе? Қарапайым ақша секілді олардың да қолданыс аясы сондай болып келеді, алайда криптовалютаның бірнеше артықшылықтары бар. Бірінші, криптовалюта бағамы  ешқашан инфляциядан қорықпайды, себебі криптовалюта саны алдын ала белгілі болады. Екіншіден, бұл орталықтандырылған жүйе емес, сәйкесінше оған ешкім басшылық жасамайды және оның болашақтағы жұмыс жасауына кедергі келтіре алмайды. Үшіншіден, бұл барлық қолданушылардың аноним қалпында қалуы. Қанша биткойн қайда кетуін анықтау оңай, олардың кімнен-кімге кетуін анықтау қиын.  Және соңғысы, биткойн шотын ашу барлық адамдарға қол жетімді. Бар керегі: онлайн желі және керекті программа. Ал, ол ақшаға не сатып алуға болады? Жоғарыда айтқанымыздай бұл валюта қарапайым ақша іспеттес. Қазақстан және жалпы ТМД көлемінде ол валюта танымал болмағанымен шетелдік желіде бұл валюта көптеген қызмет көрсету салаларында төлем ақы ретінде де жүреді. Көпшілік адамдар онымен: ұшақ билеттерің, қызмет көрсету салаларындағы қызметтерге, тауарларды сатып алуға жұмсайды. Тіпті танымал Microsoft бұл валютаны қабылдайы. Бір сөзбен айтқанда, желіде төлеуге болатын қызметтін бәрін қамтиды. Ал, кейбір жағадайда тіпті биткойнды кәдімгі еуро, долларға айырбастап алу мүмкіндігі де бар.